Home Ақша Мобильді төлемдерге салықтық бақылау 2026 жылдан бастап жаңа ереже бойынша жүргізіледі

Мобильді төлемдерге салықтық бақылау 2026 жылдан бастап жаңа ереже бойынша жүргізіледі

10

Қазақстанда мобильді қосымшалар арқылы жасалатын төлемдерге бақылау күшейтіледі. Жаңа тәртіп 2026 жылдан бастап қолданысқа енеді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәжіліс кулуарында мәлімдеді.

Оның айтуынша, егер бір адам үш ай қатарынан 100-ден аса түрлі адамнан мобильді қосымша арқылы ақша аударымын алып, жалпы сома 1 миллион теңгеден асып кетсе, мұндай операциялар салық органдарының бақылауына алынады..

«Бұл талаптар Салық кодексінің жаңа жобасына енгізілді. Құжат мәжілісте мақұлданды. Сенат келісімінен кейін Ұлттық банкпен бірлескен бұйрық қабылдаймыз», — деді вице-министр.

Сондай-ақ ол бақылау нақты қашан басталатынын түсіндірді. «Егер жаңа нормалар мамыр не маусым айларында қабылданса, банктерден мәліметтерді жылдың соңында ғана аламыз. Демек, 2025 жылғы деректерді тек 2026 жылы толық талдай аламыз. Себебі бізде мұндай тексеріс жылына бір рет жүргізіледі», — деді Біржанов.

Бұған дейін депутаттар бақылауға алынатын төлем шегін 255 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көтеруді ұсынған. Ал «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев бұл межені ай сайынғы түсіммен есептеу қажет деп санайды. Алайда жаңа жобада шекті сома үш айлық кезеңге есептелген.

Джамиля КАРИМОВА