Home Технологиялар Инновациялар KIMEP университеті суперкомпьютер орнатуды жоспарлап отыр

KIMEP университеті суперкомпьютер орнатуды жоспарлап отыр

7

KIMEP университетінде сәуір айында жаңа «Компьютерлік ғылымдар және математика мектебі» (SCSM) ғимараты ашылды. Бұл қадам, әсіресе, университет үшін ерекше маңызға ие, өйткені аталған мамандық осы оқу жылынан бастап енгізілді. 3,7 миллион доллар көлемінде инвестиция салынған оқу кеңістігінде ІТ мамандарын даярлау үдерісі қалай жүзеге асатыны туралы баяндаймыз.

Бұған дейін негізгі ғимаратта орналасқан 157 студент үшін енді арнайы үш қабатты жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Ғимаратта желілік және киберқауіпсіздік, заттар интернеті (IoT) және робототехника сияқты салаларға арналған зертханалармен қатар, химия мен физика зертханалары да жұмыс істейді.

Оқу кеңістігінің кеңеюімен бірге оқытушылар құрамы да артты. Алдағы уақытта университетке тағы алты профессор қосылып, шетелдік жоғары оқу орындарының дипломына ие мамандардың саны жетіге жетеді.

«Қазіргі уақытта бізде ақпараттық жүйелер мен компьютерлік ғылымдар бойынша екі бакалавриат бағдарламасы бар. Алайда, біз осы бағыттарды кеңейтіп, жасанды интеллекті және тар мамандандырылған ІТ салаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, машинамен оқыту, заттар интернеті (IoT) мен робототехниканы дамытуға ерекше көңіл бөлеміз», – дейді SCSM мектеп директорының міндетін атқарушы және доцент Нұрғиса Есіркегенов.

Сондай-ақ, университет оқу үдерісін нақты жобалармен байланыстырып, студенттерді өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өткізу үшін INVIVO медициналық зертханалар желісі, «Қазақтелеком», Beeline Қазақстан және Tele2 сынды ірі компаниялармен келісім-шарттар жасасқан. Бұл тек университет пен бизнес арасындағы байланыстарды нығайтудың бастамасы ғана.

«KIMEP университеті суперкомпьютер орнатуды жоспарлап отыр және Қазақстандағы осындай жоғары технологиялы жабдықтармен жабдықталған санаулы оқу орындарының біріне айналуды көздеп отыр. Мұндай қадам бізге студенттерді ғана емес, ірі компаниялар мен ұйымдарды да тартуға мүмкіндік береді», – деп қосты Нұрғиса Есіркегенов.

Аида Сайжанова

Фото: Михаил Ситников

Digital Business.