Қазақстан азаматтары енді салық берешегін санаулы минутта біле алады. Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы бірлесіп, 1414 нөмірі арқылы жұмыс істейтін жаңа қызметті іске қосты. Бұл туралы «Вечерняя Астана» хабарлады.
Жүйенің жұмыс істеу тәртібі өте қарапайым. 1414 нөміріне қоңырау шалып, дауыс көмекшісіне сұрақ қою арқылы салық бойынша берешегіңіздің бар-жоғын біле аласыз.
Қоңырау шалған азаматтың деректері — ЖСН, телефон нөмірі және мобильді азаматтар базасында тіркелген байланыс нөміріне жіберілетін SMS-код арқылы расталады.
Егер берешек анықталса, дауыс көмекшісі бұл туралы хабарлайды және қосымша ақпарат SMS арқылы жолданады.
Бұл жаңа жүйе – азаматтарға салық міндеттемелерін бақылауды жеңілдетіп, күтпеген айыппұлдардан сақтануға мүмкіндік береді.