Home Аналитика Қазақстан “Союз-5” зымыранын алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында ұшыруды жоспарлап отыр

Қазақстан “Союз-5” зымыранын алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында ұшыруды жоспарлап отыр

14

Қазақстан мен Ресейдің бірлескен “Бәйтерек” жобасы аясындағы алғашқы сынақтық ұшыру 2025 жылдың желтоқсанына белгіленді. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртлеу Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровпен кездесу барысында айтты.

«Бәйтерек» жобасы бойынша алғашқы зымыран ұшырылымын асыға күтіп отырмыз. Жоба аясында “Союз-5” атты алғашқы сынақ зымыранының ұшырылымы желтоқсан айында жүзеге асады деп жоспарланған. Уақытымен іске асып, жобаның табысты жүзеге асарына сенім мол, – деді министр.

Еске салсақ, 2018 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында 2004 жылғы 22 желтоқсанда жасалған келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойылған болатын. Осы құжатқа сәйкес, Қазақстан “Зенит-М” ғарыш-зымыран кешенін жаңғырту арқылы жерүсті инфрақұрылымын дайындауға жауапты. Ал Ресей “Союз-5” зымыранын жасап, оны Байқоңырдан ұшыруды көздеп отыр.

«Союз-5» – Жер маңындағы орбитаға спутниктер мен ғарыш аппараттарын жеткізуге арналған заманауи зымыран. Оның жүк көтеру мүмкіндігі бұрынғы нұсқаларға қарағанда анағұрлым жоғары.