АҚШ-та әлеуметтік желі қолданушылары елдегі ең қымбат күн электр станциясының жабылуын қызу талқылауда. 2,2 миллиард доллар жұмсалған «Айванпа» жобасы пайдасыз деп танылып, 2026 жылдың басында толық тоқтайды.
«Барак Обама кезінде салынған күн электр станциясы “Айванпа” жұмысын тоқтатады. Бұл — 1,6 миллиард долларлық мемлекеттік несие, 535 миллион доллар грант, 600 миллион доллар салықтық жеңілдіктер және инвесторлар тарапынан миллиардтаған доллар шығын. Америкалық салық төлеушілердің ақшасына жасалған алаяқтық», — деп жазды X желісінде миллиондаған оқырманы бар Wall Street Apes атты блогер.
Оның жазбасын қолдағандардың бірі — республикашыл сенатор Мэри Миллер. «Жасыл энергияға қатысты алаяқтыққа ешқашан сенбеңіздер», — деп мәлімдеді ол.
«Айванпа» – Калифорниядағы Мохаве шөлінде орналасқан, қуаты 386 мегаватт болатын үш күн электр станциясынан тұратын кешен. 2013 жылы іске қосылған бұл жоба сол кезде жаңартылатын энергия саласындағы серпіліс ретінде бағаланған еді.
«NRG, Google және BrightSource Energy компанияларының бірлескен еңбегімен салынған “Айванпа” 140 мың үйді электр қуатымен қамтамасыз ете алатын әлемдегі ең ірі күн жылу станциясы. Бұл жоба АҚШ-тағы күн электр энергиясы өндірісін екі есе ұлғайтты», — деп мәлімдеді жобаны іске асырған Bechtel компаниясы.
Алайда биыл жобаның негізгі операторы — NRG станцияның кезең-кезеңімен жабылатынын, ал соңғы құрылғылар 2026 жылдың басында өшірілетінін хабарлады. Электр қуатын тұтынушы Pacific Gas and Electric Company (PG&E) және Southern California Edison (SCE) компаниялары 2039 жылға дейінгі келісімшарттардан бас тартып, шығындарын азайтуды жөн көрген.
LowereBill басылымы «Айванпаның» өзге күн станцияларымен бәсекеде жеңілгенін жазды. Бұл жоба гелиостаттар – күн сәулесін шоғырландырып, жылу өндіретін айналы құрылғылар жүйесіне негізделген. «Фотоэлектрлік панельдердің пайда болуы бәрін өзгертті: олардың бағасы 70%-дан астам арзандап, коммуналдық компаниялар мен жеке тұтынушылар үшін әлдеқайда тиімді болды. Енді жаңа инвестициялар күрделі инфрақұрылым мен көп шығынды қажет етпейтін, тез орнатылатын панельдік жүйелерге бағытталуда», – делінген мақалада.
Кәсіпкерлікке бағытталған зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Бенджамин Зайхер жобаның сәтсіздігін қатаң сынға алған.
«Басынан-ақ техникалық ақаулардан көз ашпаған станция бірде өрт шығып, бірде өнімділік күрт төмендеп отырды. Нәтижесінде PG&E келісімшартты үзу құқығын пайдаланды. «Келер жылы 1-ші және 3-ші мұнара жұмысын толық тоқтату ықтималдығы жоғары», — деп жазды институттың ғылыми қызметкері Бенджамин Зайхер.
Зайхердің айтуынша, оның әріптесі, Энергетикалық зерттеулер институтының өкілі Дэн Киш бұл жобаны «жасыл әуре-сарсаңның ұлттық ескерткіші» деп атауды АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампқа ұсынған.
АҚШ-тың Энергетика ақпарат агенттігінің (EIA) дерегінше, 2025 жылдың қаңтарындағы күн электр станцияларының үлесі елдегі жалпы электр өндіру көлемінің небәрі 4 пайызын ғана құраған. Ал негізгі үлесті – 78 пайыз – газ, көмір және атом энергиясы иеленген.