Home Технологиялар Ғаламтор және желі Ресейде қайырымдылық ұйымдарының парақшалары тексеріледі

Ресейде қайырымдылық ұйымдарының парақшалары тексеріледі

18

Ресей Мемлекеттік Думасы осы аптада әлеуметтік желілердегі алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жаңа заң жобасын талқылап бастайды. Құжатқа сәйкес, бейкоммерциялық ұйымдардың ресми парақшалары «Госуслуги» платформасы арқылы тексеруден өтеді. Бұл бастама қайырымдылық ұйымының атын жамылып, жұртты алдайтын алаяқтарға тосқауыл қою мақсатпен қолға алынып отыр.

Мәлімдемені Мемлекеттік Дума төрағасы Вячеслав Володин жасады. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде түрлі қорлар мен ұйымдардың атынан ақша жинау туралы жалған хабарламалар көбейіп кеткен. Алаяқтар шынайы ұйымдардың атауын, логотипін, мазмұнын айнытпай көшіріп, жұртты алдап, ақшасын иемденуде.

«Желі қолданушылары жалған парақшаларға жиі тап болады. Кей әлеуметтік желілер мен мессенджерлер парақшаларды растау мүмкіндігін ұсынғанымен, бұл мәселе бойынша нақты стандарт пен бірыңғай ереже жоқ», — деді Володин.

Оның сөзінше, бұған дейін жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 95 пайызы мұндай заңнамалық бастаманы қолдаған. Сондықтан жаңа жоба аясында бейкоммерциялық ұйымдардың ресми парақшаларын арнайы жүйе арқылы тіркеп, растау ұсынылып отыр.

«Қайырымдылық жасаған жан, көмегі расында мұқтаж жанға тиетініне сенімді болу керек. Қайырымдылық – бұл ең алдымен сенім. Сол сенімді қорғау – мемлекеттің міндеті», — деді спикер.

Жаңа заң жобасы аясында Ресейдегі «Бейкоммерциялық ұйымдар туралы» заңға толықтыру енгізіліп, қайырымдылық қорларына әлеуметтік желілерде ресми парақша ашу міндеттелмек. Ал басқа бейкоммерциялық ұйымдар әлеуметтік желіде ресми парақша ашуға құқылы. Мұндай парақшалар да арнайы тексеріліп, расталады.

Соңғы жылдары Қазақстанда да интернет алаяқтарының әрекеті жиілеп кетті. Әлеуметтік желілер мен заманауи технологияларды шебер пайдаланатын алаяқтар азаматтардың сенімін пайдаланып, жалған парақшалар арқылы пайдаға кенеліп отыр. Мемлекет тарапынан бұл құбылысқа қарсы түрлі шаралар қолға алынғанымен, халық шағымына қарағанда, алаяқтар тосқауылдарды айналып өтуді үйреніп алған.