Компьютерлік ойындарға әуес жандар қазір ойынның өзін сатып алудан гөрі, ойын ішіндегі қосымша мүмкіндіктерге көбірек қаржы жұмсайтын болған. Бұл – қазіргі таңда ойын индустриясының басты табыс көзіне айналған микротранзакциялардың арқасы.
Бүгінде ойын индустриясы табыс көлемі бойынша кино саласынан әлдеқашан озып кеткен. Оның басты артықшылығы – тұтынушы бір рет ойын сатып алған соң да, ішіндегі қосымша контентке қайта-қайта ақша жұмсай береді. Ал бұл тәсіл музыка мен кино саласына тән емес.
Жаңа шыққан Newzoo 2025 PC and Console Gaming Report есебіне сәйкес, 2024 жылы компьютерлік ойындар нарығындағы табыстың 58%-ын микротранзакциялар құраған. Бұл шамамен 24,4 миллиард АҚШ доллары. Бұл көрсеткіш тек ойын сату арқылы келген табыстан екі есе көп!
Ойын ішіндегі сатып алулар бойынша көш бастап тұрған жобалар қатарында Call of Duty: Black Ops 6, Roblox және Fortnite бар. Дегенмен нақты сандар бұл ойындар бойынша есепте көрсетілмеген.
Жалпы алғанда, өткен жылы компьютерлік ойындар нарығы 0,1%-ға өсіп, 37,3 миллиард долларға жеткен. Сарапшылардың болжауынша, 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 миллиард долларға дейін ұлғаяды.
Айта кетерлік жайт, сегменттер бойынша есептелген табыстардың қосындысы жалпы нарық көлемінен асып кетеді. Бұл есеп жүргізу әдіснамасына байланысты болуы мүмкін. Мысалы, бір табыс көзі бірнеше санатқа бірден енгізілуі ықтимал.