Home Технологиялар Ғаламтор және желі «eQurylys» ақпараттық порталы енді барлық құрылыс компаниялары үшін тегін болмақ

«eQurylys» ақпараттық порталы енді барлық құрылыс компаниялары үшін тегін болмақ

24

Қазақстанда құрылыс саласындағы маңызды жаңалық. Құрылыс барысын автоматтандыруға арналған «eQurylys» ақпараттық порталы енді барлық құрылыс компаниялары үшін тегін болмақ. Мұндай шешім жақында апелляциялық соттың үкімімен заңды күшіне енді. Сот Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті органды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің нұсқамасын орындауға міндеттеді.

«eQurylys» порталы алғаш рет 2018 жылы әзірлене бастаған. Оның басты мақсаты – құрылыс сапасын бақылауды және нысандарды пайдалануға қабылдау процесін автоматтандыру болатын. Бұл құрылыс саласының ашықтығын арттырып, құжат рәсімдеу барысын жеңілдетуге және уақытты үнемдеуге жол ашуы тиіс еді.

Алайда, платформа іске қосылғаннан кейін ақылы қызметке айналды. Жобаның құнына қарай құрылыс компаниялары ай сайын 50 мыңнан бастап 100 мың теңгеге дейін ақы төлеуге мәжбүр болды. Мәселен, 1 миллиард теңгеге дейінгі жоба үшін – 50 мың, ал құны 10 миллиардқа жеткен жобаларға – 100 мың теңгеге дейін төлем белгіленді. Құрылыс бірнеше айға, тіпті бірнеше жылға созылатынын ескерсек, бұл сома кез келген құрылысшы үшін едәуір шығынға айналды.

Бәсекелестікті қорғау агенттігі жүргізген тексеру нәтижесінде, салалық министрлік порталдың иесі, жекеменшік компанияға артықшылық беріп, нарықта теңсіздік қалыптастырғаны анықталды. Осы себепті агенттік 2024 жылдың тамыз айынан бастап заңбұзушылықты жоюды талап еткен. Мәселе сотқа жетіп, нәтижесінде сот Бәсекелестікті қорғау агенттігінің талабын қолдады. Бұл ұстанымды Бас прокуратура да құптады.

Енді барлық құрылыс салушы компаниялар «eQurylys» порталының қызметтерін тегін пайдалана алады. Бұл шешім құрылыс саласының ашықтығын арттырып қана қоймай, адал бәсекелестікті дамытуға жол ашады деп күтілуде.