Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда туристерді қорғауға бағытталған QR-код жүйесі енгізілді

Қазақстанда туристерді қорғауға бағытталған QR-код жүйесі енгізілді

7

Қазақстанда шетелдік туристерге қызмет көрсетудің сапасын арттыру және алдау оқиғаларының алдын алу мақсатында жаңа QR-код жүйесі іске қосылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, кей жағдайда елімізге келген туристер такси, байланыс немесе валюта айырбастау секілді қызметтерде алданып жатады. Жаңа жүйе осындай келеңсіздіктерге жол бермей, қажетті ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік береді.

«QR-код арқылы шетелдік азаматтар электрондық SIM-карта қосу, қонақүйге алдын ала тапсырыс беру, тіркеу тәртібі сынды маңызды қызметтер мен мәліметтерге оңай қол жеткізе алады», – деді министр.

Қазіргі таңда бұл QR-кодтар Астана, Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларында орналастырылған. Министрдің айтуынша, мұндай жүйені барлық әуежайлар мен теміржол вокзалдарында, сондай-ақ шекара бекеттерінде енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар мен Көлік министрлігінің қолдауы қажет.

2024 жылы Қазақстанға келген ішкі туристер саны – 10,5 миллион адам. Ал шетелден келген қонақтар 15,3 миллионға жетіп, соның ішінде 10,4 миллионы елде бір күннен артық уақыт болған.

Айта кетейік, бұған дейін Германия азаматы Алматы әуежайынан қонақүйге дейінгі жол үшін таксиге 45 мың теңге төлегені туралы ақпарат тараған. Ал тағы бір туристен жүргізуші 200 мың теңге талап еткен.