Home Технологиялар Ғарыш Марстағы суды ішуге жарамды ету мүмкін бе? NASA бұл сұраққа 2030 жылдары...

Марстағы суды ішуге жарамды ету мүмкін бе? NASA бұл сұраққа 2030 жылдары нақты жауап бермек

8

АҚШ-тың Вустер политехникалық институтының аспиранты Лидия Эллен Тонани-Пенья биыл Техаста өткен 56-шы Ай мен ғаламшарларға арналған ғылыми конференцияда «Tethys» атты жаңа жобасын таныстырды.

Жобаның басты мақсаты – марсиан топырағында мұз немесе сұйық күйде кездесетін тұзды суды тазартып, оны тіршілікке жарамды ету. Зерттеу тобының айтуынша, бұл жолдағы ең үлкен кедергі – перхлораттар. Олар Марс реголитінде жиі кездесетін улы тұздар және оларды жою үшін көп энергия қажет етеді.

«Tethys» үш кезеңнен тұрады. Алдымен марсиандық топырақ пен судың құрамын зерттегейді. Кейіннен, ғалымдар арнайы құрылғының алғашқы үлгісін жасайды. Ол Марс жағдайына ұқсас жасанды ортада сыналады. Әсіресе, қызыл ғаламшардың солтүстік бөлігіндегі жер асты мұздарына ұқсас өңірлер назарға алынады. Ғалымдар топырақтың жылу мен электр өткізгіштік қасиеттерін де мұқият зерттейді. Себебі болашақ құрылғылар үшін бұл көрсеткіштер аса маңызды.

Зерттеу бір жылдың ішінде тек тәжірибе жасаумен шектелмейді. Жоба аясында келесі кезеңдерге арналған нақты ұсыныстар мен техникалық шешімдер де әзірленеді. Лидия Тонани-Пеньяның айтуынша, зертханалық жетістіктер – тек алғашқы қадам ғана.

«Топырақ құрамының аймақтарға қарай өзгешелігін де ескеруіміз қажет. Сонымен қатар құрылғы толықтай автономды режимде – адам көмегінсіз жұмыс істей алатындай болуы шарт. Себебі Марста әр ватт қуат – бағалы ресурс», – дейді ол.

«Tethys» – NASA-ның келешекке бағытталған кең ауқымды бастамаларының бір бөлігі. Бұған дейін агенттік MOXIE құрылғысы арқылы Марс атмосферасынан оттегі алуға болатынын дәлелдесе, Ingenuity тікұшағы ғаламшардың беткі қабатын әуеден зерттеудің мүмкіндігін көрсетті. Алайда тұрақты тіршілік үшін ең бастысы – сенімді су көзі. Себебі Жерден су жеткізу аса қымбат әрі тиімсіз. Сондықтан осындай жобалар – Artemis бағдарламасы мен алдағы ғарыштық миссиялар үшін айрықша маңызды.

Darth Sahara