Жаңа аймақтық телеарнаның тұсаукесері мамыр айына жоспарланып отыр. Бұл жайлы арна басшылығы өткізген баспасөз жиынында мәлім болды. «Qonaev Media» арнасы тікелей эфирді тек Алматы облысында ғана емес, бүкіл республика аумағында жүргізбек.
Телеарна басшылығына тәжірибелі журналистер тағайындалды: арнаның директоры қызметін Қымбат Хангелдина, ал бас продюсер лауазымын Қымбат Досжан атқарады.
Жаңалықтар мен түрлі бағдарламаларды қамтитын арна күн сайын 12 сағат бойы қазақ және орыс тілдерінде хабар таратуды жоспарлап отыр.
« Біз мамыр айында эфирге кезең-кезеңімен шығуды бастаймыз. Қазір штатта 80 қызметкер бар. Негізгі команда жасақталып үлгерді, бірақ кәсіби мамандарды іріктеу жалғасып жатыр. Қазір жұмыс жоспары дайындалуда», – деді «Qonaev Media» телеарнасының директоры Қымбат Хангелдина.
Аймақтық мәртебесі бар телеарна облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Болашақта көрермен ықыласына ие болып, арнаның танымалдығы артса, өзін-өзі қаржыландыратын коммерциялық жобалар іске қосылады.
Жаңалықтармен қатар, көрермендерге түрлі жанрдағы бағдарламалар ұсынылмақ.
«Күн сайын үш мәрте жаңалықтар топтамасы эфирге шығады. Апта сайын сараптамалық жобалар дайындалады. Өңірдің әлеуеті жоғары болғандықтан, мәдениет, спорт және туризм тақырыптарын қамтитын арнайы циклдар әзірленіп жатыр», – деп пайымдады бас продюсер Қымбат Досжан.
Телеарна үшін жеке кеңсе орнын қамтамасыз ету де басты міндеттердің бірі. Әзірге редакция Алматы қаласында уақытша жұмыс істейді. Дегенмен, Қонаев қаласында медиаорталық іске қосылған соң, арна облыс орталығына толықтай көшіріледі.
Келешекте телеарна жанынан жергілікті радиостанция ашу жоспарланып отыр.