Visa компаниясы жүргізген зерттеу нәтижелері Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка (CEMEA) аймағындағы тұтынушылардың цифрлық төлемдерді қорғауға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетті. «Stay Secure» атты тоғызыншы жыл сайынғы зерттеуге 17 елден 5800 ересек адам қатысып, олардың 97%-ы онлайн-транзакцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнаулы шаралар қабылдайтынын айтты. Бұл – өңірдегі цифрлық сауаттылықтың айтарлықтай артқанын көрсететін көрсеткіш.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанда цифрлық төлемдерге қызығушылық өсуде. Қазақстандықтардың 47%-ы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жиірек пайдалануды жоспарлап отыр, алайда 50%-ы киберқылмыскерлердің құрбаны болғанын мойындаған. Осыған байланысты көптеген тұтынушылар қауіпсіздік шараларын, оның ішінде екі факторлы аутентификацияны және онлайн операциялардың түпнұсқалығын тексеруді белсенді түрде қолдануда.
Аймақтағы тұтынушылардың 66%-ы төлем жасау үшін смартфон қосымшаларын пайдаланғанды жөн көреді. Қазақстанда бұл көрсеткіш одан да жоғары – 79%-ы онлайн-төлем жасау кезінде жеке басын растау үшін мәтіндік код енгізу немесе сатушыдан келген сілтемені пайдалану сияқты қосымша қауіпсіздік шаралары бар платформаларға көбірек сенім білдіреді.
Компания кибералаяқтықпен күресу үшін жасанды интеллектіні белсенді қолдануда. Соңғы он жыл ішінде Visa $3,3 млрд қаржыны деректер инфрақұрылымына және ИИ технологияларына инвестициялады. 2024 жылы Visa Visa Protect платформасы аясында ИИ негізінде үш жаңа шешім ұсынды, олар алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі. Visa-ның бұл шаралары $40 млрд көлеміндегі күмәнді транзакцияларды тоқтатып, 80 млн-ға жуық алаяқтық операцияны бұғаттауға мүмкіндік берді.
— Цифрлық төлемдер қарқынды дамып келеді, ал Қазақстандағы пайдаланушылар мұндай шешімдердің ыңғайлылығын жоғары бағалайды әрі қауіпсіздікке де көбірек назар аудара бастады. Қаржылық сауаттылық – алаяқтықпен күрестегі басты құрал, ал саланың барлық қатысушыларының бірлесіп әрекет етуі жаңа қауіптерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді. Алаяқтық схемалары күрделене түскен сайын қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты басымдық. Сондықтан тұтынушылар өздерінің қауіпсіздігіне нақты қадам жасайтын серіктестерге көбірек сенім артады, – деді Visa компаниясының Украина, Грузия, ТМД және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі өңірлік менеджері Кристина Дорош.
Сергей Никитин, Digital Business