Қазақстандағы интернет сапасы жақсарып, елдің жаһандық рейтингтегі орны біршама көтерілді. Ookla компаниясының 2025 жылғы қаңтар айына арналған есебіне сәйкес, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 8 сатыға жоғарылап, 49-орынға тұрақтады.
Орташа жүктеу жылдамдығы 81,58 Мбит/с, ал кері жүктеу жылдамдығы 18,42 Мбит/с болып, жауап беру уақыты 18 мс деңгейінде тіркелді. Тұрақты кең жолақты интернет сегментінде Қазақстан 5 сатыға жоғарылап, 83-орынға шықты. Бұл категориядағы жүктеу жылдамдығы 77,93 Мбит/с, кері жүктеу жылдамдығы 80,83 Мбит/с, ал жауап беру уақыты 5 мс болды.
Бұл жетістіктер мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мен байланыс операторларының телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды. 2024 жылы тұрақты байланыс желілері жаңартылып, 4G қамту аймағы кеңейтілді, ал ірі қалаларда 5G желісін енгізу басталды. Бұл интернет жылдамдығының айтарлықтай артуына ықпал етіп, Қазақстанның әлемдік рейтингтегі орнын нығайтуға мүмкіндік берді.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2025-2027 жылдары:
3010 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы кең жолақты интернетке қосылады;
1120 ауылдық елді мекенде интернеттің «соңғы милін» жүргізу үшін субсидия бөлінеді;
5G желісі республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында дамытылады;
Спутниктік интернет 250-ден астам шалғай және сирек қоныстанған елді мекенге жеткізіледі.
Интернет жылдамдығының артуы цифрлық трансформацияға, IT-саласының дамуына, онлайн білім беру мен электрондық коммерцияның өркендеуіне ықпал етеді. Телекоммуникацияны дамыту — Министрлік басымдық берген негізгі бағыттардың бірі. Ведомство ел аумағында интернет пен байланысты одан әрі жақсарту жұмыстарын жалғастырады.