Digital Almaty 2025 конференциясы IT саласының мамандары, стартапшылар, инвесторлар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдарды біріктірген алаңға айналды. Форум аясында инновациялық жобаларды дамытуға арналған гранттар, жетекші хабтарға резиденттік алу, ірі инвесторлармен тікелей байланыс орнату және бірегей бизнес мүмкіндіктері ұсынылды.
Форумның басты тақырыбы – жасанды интеллектінің (ЖИ) өнеркәсіпке, экономикаға және мемлекеттік басқаруға әсері. Сарапшылар ЖИ-дің қаржы, мемлекеттік басқару, медицина, білім беру және киберқауіпсіздік салаларына ықпалы туралы пікір алмасты.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Астанада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылатынын жариялады. Бұл орталық стартаптар мен IT-компанияларды біріктіреді және келешекте ЕАЭО елдеріне де ашық болмақ. Сонымен қатар, пленарлық отырыс барысында үздік IT-әзірлемелер мен инновациялық жобаларға арналған Digital Awards жеңімпаздары марапатталды.
Конференция аясында 37 панельдік сессия өтті, оған 200 спикер қатысты, олардың 60-ы – шетелдік сарапшылар. “AI-driven: Government, business, society” тақырыбындағы пікірталаста ЖИ саласындағы мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы, сондай-ақ, цифрлық трансформацияның табысты жүзеге асуы үшін инфрақұрылым мен кадр даярлауға инвестиция салу қажеттілігі талқыланды.
![«Кремний алқабымен ұқсас жұмыс мәдениеті: Digital Almaty 2025 форумында ЖИ саласындағы мүмкіндіктер мен қиындықтар талқыланды»](https://mobilaser.kz/wp-content/uploads/2025/02/8a438e07-51e7-40a8-8bd2-e4049c592199-1024x682.jpg)
Сарапшылардың ортақ пікірі – жасанды интеллект адамдардың серігіне айналуы тиіс.
“Жасанды интеллектіні неғұрлым тезірек қабылдасақ, соғұрлым үздік дәрігер, үздік мұғалім, үздік кәсіпкер бола аламыз,” – деп атап өтті Veon Group бас директоры Каан Терзиоглу.
Oxford Insights бас директоры Ричард Стирлингтің пікірінше, ЖИ көптеген салаларда адамдардың орнын баса алады, әсіресе медицинада деректерді талдап, диагноз қоюда көмектесе алады. Алайда ең тиімді әдіс – адам мен ЖИ-дің серіктестігі.
“Еңбек нарығы өзгеруде. Бұл жұмыссыздықтың артуын білдірмейді, әрбір адам жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйренуі керек,” – деді Стирлинг.
Англия құрамасының бұрынғы футболшысы, “Арсенал” клубының экс-ойыншысы Сол Кэмпбелл роботтар жұмыс орындарын тартып алады деген пікірмен келіспейді.
“Керісінше, жасанды интеллект жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді. Кейбір мамандықтар жойылуы мүмкін, бірақ жалпы алғанда, жаңа салалар мен мүмкіндіктер ашылады,” – деді ол.
Gagarin Capital және Davidovs VC қорларының негізін қалаушы Ник Давыдов Қазақстанның IT-индустриясына жоғары баға берді.
“Қазақстанда сапалы білім, дарынды және табанды мамандар көп. Мұндағы жұмыс мәдениеті Кремний алқабына жақын: адамдар аптасына 100 сағат жұмыс істеуге дайын және нәтижеге ұмтылады,” – деді Давыдов.
Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов ЖИ-ге салынған инвестициялар өзін толық ақтайтынын атап өтті.
“Жасанды интеллектіні енгізу оған жұмсалған қаражаттан әлдеқайда көп пайда әкеледі. Миллиондаған, тіпті миллиардтаған доллар инвестиция тартылса да, түпкі нәтиже – бизнестің тиімділігі мен өнімділігінің артуы,” – деді ол.
Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ЖИ-ді дамыту бойынша бірқатар жоспарларымен бөлісті. Мемлекет AI Movement және LMS сияқты білім беру платформаларын дамытып, оқушыларға арналған AI Olymp республикалық олимпиадасын ұйымдастыруды көздейді.
![«Кремний алқабымен ұқсас жұмыс мәдениеті: Digital Almaty 2025 форумында ЖИ саласындағы мүмкіндіктер мен қиындықтар талқыланды»](https://mobilaser.kz/wp-content/uploads/2025/02/06362f23-0cce-4cae-a96d-e42e64988ff4-1024x682.jpg)
“Ұлттық ЖИ платформасын дамыту үшін есептеу қуаттарын қамтамасыз етеміз. Бұл мемлекеттік органдар үшін ЖИ-агенттерін құруға, қазақ тілінде жұмыс істейтін KazLLM моделін дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабық контурда жұмыс істейтін болады,” – деді Мәдиев.
2025 жылы ЖИ саласындағы қызметті реттейтін заң қабылданбақ. Сонымен қатар, Қазақстанның ЖИ дамыту жөніндегі ұлттық стратегиясын әзірлеу басталады.
2025 жылға дейін Alem.AI халықаралық орталығы толық іске қосылады. Орталықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллектті Қазақстан экономикасына және күнделікті өмірге енгізу.
2030 жылға дейін 1 миллион қазақстандықты жасанды интеллектпен жұмыс істеуге үйрету жоспарлануда. Оның ішінде 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент және 90 мың мемлекеттік қызметкер бар.
Digital Almaty 2025 аясында 25-тен астам меморандумға қол қойылып, 150-ден астам іскерлік кездесу өтті. Форумға 200-ден астам компания қатысты, олардың қатарында стартаптар, халықаралық технопарктер, IT-алыптар, инновациялық жобалар мен инвесторлар бар.
![«Кремний алқабымен ұқсас жұмыс мәдениеті: Digital Almaty 2025 форумында ЖИ саласындағы мүмкіндіктер мен қиындықтар талқыланды»](https://mobilaser.kz/wp-content/uploads/2025/02/fedf392d-46d2-424f-8026-abb6a574b070-1024x682.jpg)
Форум аясында $60 мың жүлде қоры бар стартап-батл өтті. Epsilon3ai, Finflow, Arlan Biotech және Qala AI командалары әрқайсысы $15 мың жүлдеге ие болды. Бұдан бөлек, серіктестер тарапынан бұлтты қызметтер, жарнамалық кампаниялар және халықаралық хабтарға резиденттік секілді арнайы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, Digital Ministry Cup робототехника жарысының жеңімпаздары анықталды. Турнирге Қазақстанның үздік 24 командасы қатысты. Алматыдағы Sana БИЛ командасы бас жүлде – 1 миллион теңге ұтып алды.
Форум аясында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесі алдағы жылдары Қазақстанның IT-саласына оң әсер етпек. Digital Almaty 2025 ЕАЭО және Орталық Азиядағы цифрлық технологиялар саласындағы басты оқиғаға айналып, өңірдегі цифрлық трансформацияның қозғаушы күшіне айналды.