Қытай полициясының цифрландыру саласындағы тәжірибесін зерттеп, заманауи технологияларды құқық қорғау саласына енгізу мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық делегация Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі орынбасары Ши Датунмен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтың алдын алу үшін инновациялық әдістерді енгізу тақырыбы қозғалды.
Сапар аясында делегация Қытайдың бірқатар жоғары технологиялық нысандарында болып, электронды технологиялар тобының жұмысымен, полицияның дрондарды қолдану базасындағы басқару орталығымен және Бейжің қоғамдық қауіпсіздік бюросының құқық қорғау процестерін басқару орталығымен танысты.
Қонақтарға цифрлық бақылау технологиялары, оның ішінде «үлкен деректер» (Big Data), жасанды интеллект, биометриялық жүйелер, бейнебақылау құралдары және қоғамдық орындар мен көлік нысандарында тәртіпті қамтамасыз ету үшін дрондарды қолдану әдістері көрсетілді.
ІІМ мәлімдеуінше, Қытайдың бұл саладағы тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды бағдар бола алады. Елде құқық қорғау жүйесін цифрландыру, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және қылмыстың алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде.