Home Технологиялар Ғаламтор және желі Жасанды интеллект қаржылық басқаруда қандай рөл атқарады?

Жасанды интеллект қаржылық басқаруда қандай рөл атқарады?

21

Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізілмек. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда ЖИ қаржылық жоспарлау үдерісінде қолданылмайды.

“Бұл мәселені зерттейміз. ЖИ қаржыны жоспарлау кезінде орын алуы мүмкін қателіктерді немесе қаражаттың орынсыз жұмсалуын болдырмауға көмектеседі деп ойлаймын. Жобаны 2025 жылға жоспарлап отырмыз. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, шығындар мен кірістер туралы деректерді жинақтап, болашақта ЖИ-ді болжам жасау үшін қолданатын боламыз”, – деді Тұрысов.

Сондай-ақ, вице-министр ЖИ-дің болашақта бюджет профицитіне қол жеткізуге ықпал ете алатыны туралы сұраққа жауап берді.

“Шын мәнінде, жасанды интеллект тиімді құрал. Алайда бастапқы кезеңде шешім қабылдауды адамдар атқарады, өйткені ЖИ-ді үйрету қажет. Болашақта ЖИ қаржыны дұрыс бағыттап, бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға мүмкіндік беретін болжамдар жасауға қабілетті болады. Бұл оның стратегиялық міндеттерінің бірі. Біз осы бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз”, – деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, Тұрысовтың айтуынша, ЖИ қаржылық өтінімдерді қарау кезінде шығындарды оңтайландыру бойынша кеңес беруге қабілетті болмақ. Қазіргі таңда бұл жұмыстар аналитиктердің талқылауы арқылы жүзеге асырылады.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллект енгізілгеннен кейін мемлекеттік қызметшілердің қысқаруы мүмкін екенін де атап өтті.

“Нақты болжам әзірге жоқ. Бірақ ЖИ технологиялары ең алдымен қайталанатын тапсырмаларды орындау үшін қолданылады. Осылайша, қызметкерлер интеллектуалды, шығармашылық және стратегиялық жұмыстармен айналыса алады. Біз мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды көздейміз. Кейбір салаларда қызметкерлер саны 20-30%-ға қысқаруы мүмкін деген болжам бар. Бұл бағытта есептеулер жүргізіліп жатыр”, – деді министр.

Мысал ретінде, ол call-орталықтардағы жұмысты келтірді. Онда ЖИ азаматтардың қоңырауларына жауап беріп, қажетті анықтамалар мен ақпараттарды беріп, хабарламалар жіберуді қамтамасыз ете алады.