Home Аналитика «Кеден» жүйесінің іске қосылуында не кедергілер болды?

«Кеден» жүйесінің іске қосылуында не кедергілер болды?

24

2023 жылы әзірленген «Кеден» жүйесі биылғы қараша айында ресми түрде іске қосылды. Алғашқы сынақтар барысында жүйенің функционалы экспресс-жүктерді декларациялау кезінде тексерілген болатын, және сол уақытта кәсіпкерлер бірқатар техникалық қателерді байқаған. Жүйені әзірлеушілер бұл қателерді түзетуге уәде бергенімен, толыққанды іске қосылғаннан кейін мәселелер одан әрі күрделене түсті

Кәсіпкерлердің айтуынша, жүйеде көптеген ақаулар орын алған. Мәселен, жүктерді рәсімдеу және барлық бақылау түрлерін жүргізетін «Транзит» бөлімі бірқатар қателіктерге жол беріп, көптеген компаниялардың жұмысына кедергі болған. Құжаттарды өңдеуде айтарлықтай кідірістер туындап, жүк көліктері ұзақ уақыт бойы бір орында тұрып қалды. Бұл өз кезегінде шығындардың көбеюіне әкелді.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында кәсіпкерлер өз талаптарын тікелей Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдеріне жеткізді. Кездесуге ККД төрағасының орынбасарлары Ануар Сүлейменов пен Қайрат Жұмағұлов қатысты. Кәсіпкерлер көптеген сұрақтар қойып, 88 нақты мәселе көтерілді. Өкінішке қарай, бәріне нақты жауап табылмады.

Әсіресе, жүйенің XML форматындағы кедендік құжаттарды жүктеуге мүмкіндік бермейтіні ерекше наразылық тудырды. Бұл формат көптеген пайдаланушылар үшін ыңғайлы болғанымен, мәселе төрт айдан бері шешімін таппай келеді.

Техникалық аспектілер де кәсіпкерлердің күдігін туғызып отыр. Транзит рәсімдеудегі қателіктер декларацияларды беру процессін тежеп, жүйенің деректерді сақтауға және есептілікті ұсынуға мүмкіндігі жоқ. Әлсіз интернет байланысы да ақауларды тудырып, кедендік төлемдер мен салықтарды төлеудегі кідірістер жүктердің тұрып қалуына және қосымша шығындардың пайда болуына себеп болуда.

Дегенмен, жақын арада шешімдер қабылданды. Жаңа модульдер іске қосылмас бұрын ККД оларды сынақтан өткізіп, кәсіпкерлерге алдын ала нәтижелер туралы хабарлап отырады.