Home Білікті маман Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша көршілес елдерді айтарлықтай басып озды

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша көршілес елдерді айтарлықтай басып озды

45

Ookla (Speedtest Intelligence) әлемдік телекоммуникация нарығындағы ең беделді компанияның зерттеулеріне сәйкес, Қазақстан тағы да Орталық Азия елдері мен басқа да аймақтардағы интернет жылдамдығы бойынша көш бастады. Бұл туралы Finprom.kz аналитикалық агенттігі хабарлады, деп жазады “Сапалы Қазақстан” порталы.

Зерттеуде Еуразия аймағындағы бірқатар елдердің, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің көрсеткіштері талданған.

2022 жылдың төртінші тоқсанынан 2024 жылдың үшінші тоқсанына дейін барлық технологиялар бойынша мобильді деректердің медианалық жүктеу жылдамдығы зерттелген елдердің барлығында дерлік, Моңғолиядан басқа, біртіндеп артқаны атап өтілген.

Сарапшылардың айтуынша, 5G технологиясын енгізген немесе оны алғашқы кезеңдерінде жүзеге асырып жатқан нарықтарда интернет жылдамдығының өсуі байқалған.

Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып коммерциялық 5G желісін іске қосқан елдердің бірі болды. Елімізде бесінші буынды желіні Tele2 және Kcell операторлары дамытып жатыр. Бұл екі оператор да ірі қалаларда 5G желісін белсенді түрде кеңейтуде. 2024 жылдың маусымына дейін олар 20 қалада 1,1 мыңнан астам 5G базалық станцияларын орнатып, желі ауқымын ұлғайту жұмыстарын жалғастыруда.

«Қазақстанда 2024 жылдың үшінші тоқсанында интернет жылдамдығы 53,26 Мбит/с-ке жетті. Бұл көрсеткіш зерттелген басқа елдерден айтарлықтай жоғары. Екінші орында Қырғызстан – мұнда медианалық жылдамдық 41,36 Мбит/с. Ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш 38,96 Мбит/с-ті ғана құрады», – делінген мәліметте.