Home Интернет и сеть Қазақстандық Alaqan стартабының биометриялық верификация жүйесі мемлекеттік мекемелерге енгізілуде

Қазақстандық Alaqan стартабының биометриялық верификация жүйесі мемлекеттік мекемелерге енгізілуде

29

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Alaqan Technologies стартабымен және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «Alaqan» алақан таңбасы бойынша биометриялық верификациялау пилоттық жобасын мемлекеттік мекемелерде енгізуде. Бұл жоба мектептер мен балабақшаларда балалардың қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің кіріп- шығуын бақылауға, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын болдырмауға бағытталған.

Қазіргі уақытта «Alaqan» жүйесі Шымкент әкімдігінде (пилоттық режимде), «Азаматтарға арналған үкімет» НАО-да, бірнеше мектептер мен балабақшаларда орнатылған. Технологияның мақсаты — балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, қызметкерлердің жұмысқа келіп-кетуін тіркеу және бюджетке артық шығын келтіретін жалған есептерді анықтау.

Жоба аясында Ақмола облысының 91 мектебі мен Ақтөбе облысының 68 мектебі қамтылды. Сондай-ақ пилоттық режимде Батыс Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облыстарындағы бір-бір мектепке енгізілді. Алдағы екі жылда бұл жүйені Қарағанды облысының 150 мектебіне орнату жоспарлануда.

Сонымен қатар «Артспорт» және «Дарабала» жобалары аясында Alaqan жүйесі Көкшетаудағы 19 қосымша білім беру мекемесінде де сәтті қолданыс тапты. Наурыз айынан бастап жүйені енгізу нәтижесінде бюджеттен 60 миллион теңгеден астам қаржы үнемделген.

Бүгінгі таңда жүйеде 124 мыңнан астам оқушы және шамамен 10 мың мектеп қызметкері тіркелген. Жобаның тиімділігі ескеріле отырып, оны стратегиялық маңызды нысандарға да кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.