Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған стартап жобаларын іріктеуге арналған алғашқы хакатон өтті. Іс-шара ITeachMe қорының ITMLab жобасы мен «Шеврон» кәсібінің серіктестігі, сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Ең ерекше және пайдалы жобаларды ұсынған кәсіпкерлерге өз бастамаларын жүзеге асыру үшін арнайы гранттар беріледі.
Алматы қаласынан 100-ден астам адам, оның ішінде стартаперлер, инженерлер, IT-мамандар және мүмкіндігі шектеулі жандар хакатонға қатысты. Олар мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті өмірі мен олардың жағдайын жақсартуға арналған озық техникалық шешімдерді әзірлеумен айналысты. Іс-шараның басты мақсаты – қазіргі қажеттіліктерге жауап беретін және мүгедектігі бар адамдарды қоғамға толыққанды қосуға жаңа мүмкіндіктер ашатын инновациялық өнімдер жасауға қолдау көрсету.
«ITMLab – бұл технологиялардың тек кәсіп саласына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік өзгерістер үшін инновациялық құрал ретінде қызмет ете алатынын көрсету мүмкіндігі. ITMLab жобасы кәсіпкерлік, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық бастамалардың әлеуметтік өзгерістер мен мүгедектігі бар адамдарды қолдау үшін жаңа шешімдер шығаруға бірлесіп үлес қоса алатынын көрсететін жарқын мысал болды», – деп атап өтті жобаның авторы және жетекшісі Захира Бегалиева.
Іс-шараға дайындық барысында мүгедектігі бар адамдар арасында ауқымды сауалнама жүргізіліп, олардың күнделікті өмірде кездесетін негізгі мәселелері манықталды. Бұл зерттеу хакатонға қатысушыларға ең өзекті қажеттіліктерге назар аударып,шын мәнінде сұранысқа ие шешімдер ұсынуға мүмкіндік берді.
Іс-шараның нәтижесінде 10 топ келесі кезеңге өтті. 4 апта бойы олар кәсіби оқытушылардың жетекшілігімен өз жобасына қатысты дамыту жұмыстарын жалғастырады.
1,5 айлық оқу барысында ең ерекше және пайдалы жобалардың иелері өз жобаларын жүзеге асыру үшін 6 грантқа ие болады. Әр гранттың көлемі 1 млн теңгені құрайды. Бұл қаражат үздік жобалады қолданысқа енгізуге көмектесіп, технологиялардың қоғамның барлық мүшелерінің өмір сапасын жақсартуда маңызды құрал болуын қамтамасыз етеді.
ITMLab жобасы аясында екінші хакатон 23 қыркүйекте Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.