Қазақстанда құқыққа қайшы мазмұндағы тікелей эфирлерді әлеуметтік желілерде бұғаттау ұсынылды. Бұл туралы LS хабарлады. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерде былапыт сөз қолдану, адамдарды қорлау, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, сондай-ақ қауіпті пранктер ұйымдастыру жағдайлары жиілеген.
«Кейбір стримерлер мұны әдейі жасайды. Өйткені дөрекі әрі арандатушылық сипаттағы контент көбірек қаралым жинайды. Ал қаралым өз кезегінде лайк пен донатқа, кей жағдайда жарнамадан түсетін табысқа айналады. Осыған байланысты Үкіметтен TikTok, Instagram, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтап, бұғаттаудың, сондай-ақ олардың авторларын анықтаудың тиімді тетігін қалыптастыруды сұраймыз. Сонымен қатар азаматтарды олардың келісімінсіз тікелей эфирге шығарған немесе ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген жағдайда жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту қажет», – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек, депутат «треш-стриминг» ұғымына заңнамада нақты анықтама беріп, тікелей эфирлерде зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен қасақана арандатушылық әрекеттерді насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.
Сондай-ақ тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы мазмұнды тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік жүйе құрып, оның нәтижелері туралы қоғамға ашық ақпарат беруді ұсынды.
«Кей жағдайда құқыққа қайшы әрекеттер табыс табудың құралына айналып барады. Кейбір стримерлер көрермен тарту үшін әдейі жанжал туғызып, адамдарды мазақ етеді және қорлайды. Тікелей эфирлерде айтуға ыңғайсыз әдепсіз әрекеттердің өзі жиі көрініс табуда. Оның үстіне мұндай эфирлерді әртүрлі жастағы, соның ішінде кәмелетке толмаған мыңдаған адам қатар көруі мүмкін. Нәтижесінде құқықтық жауапкершілік пен коммерциялық мүдде тоғысатын жаңа цифрлық орта қалыптасып келеді. Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынып отырған жоқпыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің арасындағы шекті нақты айқындау қажет», – деді Ж. Амантайұлы.
Ол, мысалы, АҚШ-та Федералдық сауда комиссиясы (FTC) цифрлық жарнаманың ашықтығына және жарнамалық мазмұнды тиісті түрде белгілеуге қойылатын талаптарды белгілейтінін атап өтті. Ал Еуропалық одақта қабылданған Digital Services Act (DSA) цифрлық платформалардың заңсыз мазмұнды таратуға қатысты жауапкершілігін күшейтіп, пайдаланушылардың құқықтарын қорғаудың бірқатар тетігін қарастырады.
Джамиля КАРИМОВА
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












