Алаяқтар Telegram мессенджері мен оның негізін қалаушы Павел Дуровқа қатысты жаңалықтарды пайдаланып, Gram криптовалютасына байланысты фишингтік әрекеттерін күшейтті.
Пайдаланушыларға ескі токендерді шұғыл айырбастау, мессенджер бұғатталады деген сылтаумен қаражатын алдын ала шығарып алу немесе арнайы қызметтер арқылы криптовалютаны тегін алу ұсынылады. Сарапшылардың айтуынша, қылмыскерлер Telegram-ның ресми ресурстарына ұқсатып, жалған сайттар мен боттар әзірлейді. Олар адамдардың қаражатынан айырылып қалу қорқынышын күшейтіп, оңай табысқа кенелуге уәде беру арқылы алдайды.
Telegram төңірегіндегі соңғы жаңалықтардан кейін киберқауіпсіздік мамандары күмәнді әрекеттердің күрт көбейгенін тіркеді. Олардың мәліметінше, қылмыскерлер Telegram, Павел Дуров және TON блокчейнінің төл токені Gram аталған домендерді жаппай тіркей бастаған. Сонымен қатар пайдаланушыларға цифрлық активтеріне қолжетімділікті сақтап қалуға немесе жаңа криптовалюта арқылы тез табыс табуға көмектесетінін айтатын жалған қызметтер іске қосылған.
«30 шілдеден кейін SBA сарапшылары Telegram-ға қатысты домендерді тіркеу белсенділігінің артқанын байқады. Алты күн ішінде атауында Telegram немесе Дуров сөзі бар жаңа домендердің саны шамамен 18 пайызға өсті. Ал фишинг белгілері болуы мүмкін домендердің саны екі есеге артты. Әсіресе 3 тамызда Telegram-ды тексеру және қорғау қызметтеріне ұқсатып жасалған 11 бірдей доменнің қатар тіркелуі назар аудартады», – деді «Известия» басылымына ЕКА ПРО компаниясының Smart Business Alert қызметінің жетекшісі Сергей Трухачев.
Оның айтуынша, алаяқтар Telegram-ның болашағына қатысты пайдаланушылардың алаңдаушылығын әдейі пайдаланып отыр. Олар мессенджер негізін қалаушыға қатысы бар қызметтер көп ұзамай қолжетімсіз болуы мүмкін деп сендіріп, адамдарды қаражатын тез арада аударуға немесе жаңа криптовалюта қызметін пайдалануға итермелейді.
Қылмыскерлер ақпараттық жаңалықтарды жаңа алаяқтық тәсілдерін ойлап табу үшін бірден пайдалана бастаған. Бұл туралы «Информзащита» компаниясының Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл орталығының директоры Павел Коваленко айтты. Оның сөзінше, Gram негізіндегі кіріктірілген кастодиандық емес әмиянның іске қосылуы да алаяқтарға жаңа мүмкіндік берген. Пайдаланушылар жаңа қызметтің жұмыс істеу тәртібін әлі толық меңгеріп үлгермегендіктен, қылмыскерлер осы олқылықты пайдаланып, жалған қызметтерін Telegram-ның ресми құралдары ретінде таныстырып жатыр.
Positive Technologies компаниясының зерттеу тобының жетекшісі Федор Чунижеков те осыған ұқсас пікір білдірді. Оның айтуынша, қоғам назарын аударған оқиғалар көбіне әлеуметтік инженерияға негізделген жаңа алаяқтық тәсілдердің таралуына себеп болады.
«Пайдаланушыға аккаунтын шұғыл растау, бұғаттауға дейін активтерін шығару, ескі монеталарын айырбастау, тегін токен алу немесе жаңа қызметке өзгелерден бұрын тіркелу қажет екені айтылады. Дәл осы асығыстық сезімі, тегін пайдаға уәде беру және ұсыныстың өзгелерге қолжетімсіз екеніне сендіру алаяқтардың негізгі айласы әрі психологиялық қысым құралына айналады», – деп түсіндірді ол.
Алаяқтардың негізгі мақсаты – адамды криптовалюталық әмиянына кіруге мүмкіндік беретін құпия деректерді өз қолымен беруге көндіру. Сілтемеге өткеннен кейін пайдаланушыдан Telegram арқылы есептік жазбасына кіру, seed-фразаны енгізу немесе транзакцияны растау сұралады. Осыдан кейін цифрлық активтер қайтарылмайтындай етіп қылмыскерлердің қолына өтуі мүмкін, деді Павел Коваленко.
«Негізінде қылмыскерлер технологияны бұзуға емес, адамның психологиялық осалдығын пайдалануға сүйенеді», – деп қосты Ресейдің Ұлттық қауіпсіздік қызметі жанындағы технологиялық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы, «Интернет-Розыск» компаниясының негізін қалаушы Игорь Бедеров.
«Алаяқтар күрделі блокчейн хаттамаларын бұзбайды. Олар дүрбелең тудырған тақырыптарды пайдаланып, адамдардың сенгіштігі мен оңай олжаға деген қызығушылығына сүйенеді. Сонымен қатар Telegram атауымен бірге gram, wallet, convert және gift сөздері қолданылған фишингтік домендердің тіркелу саны ондаған есеге артқан», — деді сарапшы.
Сонымен бірге алаяқтық әрекеттер барған сайын күрделене түсуде. Қазір қылмыскерлер пайдаланушының сеніміне біртіндеп кіретін тұтас жол қалыптастырып, оны іздеу жүйесіндегі нәтижелерден Telegram арнасына, одан кейін ботқа, соңында жалған сайтқа бағыттайды, деді РОЦИТ-тің бұлттық технологиялар, хостинг және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының төрағасы Михаил Шурыгин.
«Қауіпті сілтемелерді жаппай тарататын қарапайым тәсілдің орнына пайдаланушыда жалған сенім қалыптастыратын тұтас орта құруға көшудің белгілері байқалады», – деді ол.
Сайттың тартымды безендірілуі, пайдаланушылардың оң пікірлері, қолдау қызметінің болуы немесе қорғалған қосылымның қолданылуы енді ресурстың сенімді екенін білдірмейді. Сарапшы Telegram мен оның ресми қызметтері криптовалютаны тегін тарату немесе токендерді бөгде сайттар мен боттар арқылы айырбастау қызметін ұсынбайтынын еске салды.
Қылмыскерлер фишингтік беттер мен криптодрейнерлерді де белсенді қолданады. Олар пайдаланушыны тегін токен немесе басқа да сыйақы алатынына сендіріп, криптовалюталық әмиянын жалған сайтқа өз еркімен қосуға немесе Telegram-дағы есептік деректерін енгізуге итермелейтін зиянды бағдарламалар мен құралдарды пайдаланады, деді F6 компаниясының цифрлық тәуекелдерден қорғау департаментінің аға сарапшысы Мария Синицына.
«Мұндай шабуылдардың 99 пайызындағы негізгі осал тұс технология мен адам психологиясының түйіскен жерінде жатыр», – деді Игорь Бедеров.
Сауалнамаға қатысқан сарапшылар цифрлық активтерді қорғаудың негізгі жолы сақтық таныту екенін атап өтті. Олар жарнамалық сілтемелерге өтпеуге, бөгде ресурстарға seed-фразалар мен растау кодтарын енгізбеуге, сондай-ақ криптовалюталық әмияндармен жұмыс істегенде тек Telegram-ның ресми қызметтерін пайдалануға кеңес береді.
Известия
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












