Home Технологиялар Инновациялар Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге арналған IT-шешімдер таныстырылды

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге арналған IT-шешімдер таныстырылды

26

Алматыдағы Нархоз университетінде ITMLab жобасының екінші маусымына арналған Intro Day өтті. Шарада 40 команда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық технологиялық жобаларын ұсынды. Жобаны ITeachMe қоры Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Chevron компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.

Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Ақтау, Павлодар, Талдықорған, Ақтөбе және басқа да қалалардан келген жас мамандар өз идеяларын ортаға салды. Бұл бастама бүгінде ұлттық деңгейге шыққанын аңғартады.

Командалар инклюзивті шешімдердің сан түрлі бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, төменгі аяқ-қолдарға арналған экзоскелет прототипі, сал ауруына шалдыққан жандарға жасанды интеллект элементтері бар интерактивті ішкі ауыз қаптамасы, көзі нашар көретіндерге арналған навигациялық көзілдірік секілді жобалар назарға ұсынылды. Сондай-ақ, ым-ишара тілін нақты уақытта ауызша сөзге аударатын HandInHand атты жасанды интеллект платформасы ерекше қызығушылық тудырды.

Вице-министр Виктория Шегай құттықтау сөзінде мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызын атап өтті.

«Бүгінгі күн – бұл жаңашыл идеялар күні. Жастардың батылдығы мен креативтілігі кейде мүмкін емес көрінген дүниелерді жүзеге асыруға жол ашады. Осындай жобалар арқылы біз Қазақстанда баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құра аламыз», – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, ITMLab жобасы екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Биыл ол ұлттық деңгейге шығып, қатысушылардың ауқымы айтарлықтай кеңейді. Өткен маусымда үздік шыққан 6 стартап өз прототиптерін жүзеге асыру үшін грант алған болатын.