Home Стартаптар Қазақтың CodiPlay стартапы Зимбабведегі 11 мың мектеппен жұмыс істейді

Қазақтың CodiPlay стартапы Зимбабведегі 11 мың мектеппен жұмыс істейді

25

Цифрлық білім беру саласындағы қазақстандық стартап — CodiPlay Зимбабвенің мемлекеттік IT-провайдері ZARNet-пен серіктестік орнатып, 11 мыңнан астам мектепке өз технологияларын енгізуге кірісті. Бұл туралы digitalbusiness.kz хабарлады.

Жоба Зимбабвенің Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі (MICTPCS) мен Білім беру министрлігінің (MoPSE) қолдауына ие болды. Келісім аясында CodiPlay жергілікті білім стандарттарына сай цифрлық оқу бағдарламасын жасап, мектептерге өз экожүйесін енгізеді. Сонымен қатар, оқушылардың бағдарламалау мен цифрлық дағдыларды тәжірибе жүзінде меңгеруіне арналған арнайы оқу жиынтықтары жеткізіледі. Бағдарлама нәтижесінде оқушылар халықаралық деңгейде мойындалған ұйымдар арқылы сертификат ала алады.

«ZARNet» мемлекеттік серіктесі білім ордаларына қолжетімділікті қамтамасыз ету, жобаның іске асуын мемлекеттік деңгейде қолдау және цифрлық сауаттылықты насихаттау бағытында жұмыс істемек.

«CodiPlay технологияларының елімізден тыс жерде де білім беру саласына үлес қосып жатқанына қуаныштымыз. Африка – жаңа технологиялар үшін ашық, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біздің тәжірибеміз мыңдаған оқушыға заманауи білім мен нақты құралдарды меңгеруге мүмкіндік береді»,- деп пайымдады CodiPlay бас директоры Жанаділ Талдыбаев.